Филиалды таңдаңыз:
27.12.2017
2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,67 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 980 млрд теңгеге артты. Яғни, жыл басынан бергі өсім шамамен 15 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Нақты айтар болсақ, 2016 жылдың 11 айы ішінде зейнетақы активтерінің өсімі 14 пайызды құрады», - деді бүгін брифинг барысында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева.
Активтердің өсімі бірінші кезекте зейнетақы жарналары көлемінің артуымен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде Қорға 678,6 млрд теңге келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 пайызға жоғары. Естеріңізге сала кетелік, 2016 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қорға 624,7 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары келіп түскен болатын.
Сондай-ақ зейнетақы жинақтары инвестициялық табыс есебінен де өсті. 2017 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жыл басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс сомасы 495,5 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары.
2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қарашасына дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,15 пайызды құрады. Осы кезеңде инфляция деңгейі 6,3 пайыз болды.