Филиалды таңдаңыз:
03.03.2018
2018 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 7,8 трлн теңгені құрады.
Портфельдің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына тиесілі. 2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша олардың пайыздық үлесі – 44,47 пайызды құрады және жыл басынан бері 3,18 пайызға азайды. Мемлекеттік құнды қағаздардың ағымдағы құны – 3 473,64 млрд теңге болды. Ал табыстылығы есеп беру күніне қарай ұлттық валютада номинирленген осы қаржы құралдарының өтелуіне қарай 7,9 пайыз жылдық мөлшерлемені құрады.
Екінші орында Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің қаржы құралдары. Олардың портфельдегі үлесі – 15,82 пайызды құрады. Ал ағымдағы құны – 1 235,92 млрд теңге. Ал өтелуіне қарай орташа сараланған табыстылығы 10,6 пайызға тең.
Одан басқа, 2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша инвестициялық портфельде шет мемлекеттердің мемлекеттік құнды қағаздары (12,61%), Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (10,11%), екінші деңгейдегі қазақстандық (4,20%) және шетелдік банктердің (5,25%) депозиттері және басқа да қаржы құралдары бар. Олар портфельдің тәуекелі мен табыстылығының тиімді ара-қатынасын қамтамасыз етеді.
Егер портфельдің валюталық құрылымы жайында айтар болсақ, ұлттық валютада номинирленген қаржы құралдарының үлесі - 70,81 пайызды, шетелдік валютадағы үлесі - 29,19 пайызды құрайды, оның ішінде АҚШ долларында номинирленген қаржы құралдарының үлесі - 28,61 пайызға тең.
Инвестициялық қызмет, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық бағасының өзгеруі нәтижесінде 2018 жылдың қаңтар айында таза инвестициялық табыстың мөлшері 9,8 млрд теңгені құрады.