Филиалды таңдаңыз:
29.10.2024
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері шамамен 21,2 трлн теңге болды. 9 ай ішінде 3,3 трлн теңгеден аса мөлшерге (немесе 18,5%) өсті. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4 трлн теңге (немесе 23%).
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 2024 жылдың 01 қазанына шамамен 20,4 трлн теңге болды, бір жылдағы өсім – 22,2%. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары – 628,6 млрд теңгеден асады, бір жылдағы өсім – 14,4%. Ең үлкен өсімді (44,8%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – шамамен 7,1 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 9 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 170 млрд теңгеге жетті.
Кіріс ағындары
Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналары 2 трлн теңгеден асты (өсім өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 29,5% немесе 457,5 млрд теңгеге артық).
Жарналардың барлық түрлері оң сипатты көрсетті: МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бері 01.10.2024 жылға дейін 1,8 трлн жуық теңге (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,1% артық) түсті, МКЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ға 84,5 млрд аса теңге (өсім 19%), ЕЗЖ – 2,3 млрд теңге (өсім 41,9%) жиналды.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 01.10.2024 ж. шамамен 2,1 трлн теңге. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 716,3 млрд теңгеге (немесе 52,3%) артық.
Шығыс ағындар
2024 жылдың 9 айында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 860 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдер көлемінен 454,3 млрд теңгеге немесе 112% көп.
375,1 млрд теңге - тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ).
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер шамамен 147,3 млрд аса теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 35,1% жоғары.
Сондай-ақ, осы кезең ішінде мұрагерлік бойынша төлемдер – 45,1 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 29,7 млрд теңгеден астам, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – шамамен 2,3 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 7,5 млрд аса теңге көлемінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 252,9 млрд теңгеден астам сома аударылды.
Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем - 33 872 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы - 945 752 теңге болды.
ЖЗШ саны
2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны - 16,8 млн бірлік. Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2024 жылдың 1 қазанына 12,4 млн асатын бірлікке тең. Оның ішінде: 11,1 млн - МЗЖ бойынша, 701,4 мың - МКЗЖ бойынша, 430,8 мыңы - ЕЗЖ есептелетін шоттар.
Ал БЖЗҚ-дағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - шамамен 4,4 млн бірлік.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат, соның ішінде республика өңірлері бойынша мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.